Кино • 31 Мамыр, 2018

Киноэкспансия көлеңкесіндегі «экспорт»

601 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанның басты теле­арналарының барлығында көп жылдардан бері орыс пен украин фильмдерін айтпағанда, түрік, корей, үнді елдерінің, ал соңғы уақытта іргедегі қырғыз бен өз­бектің, былтырдан бері филип­пин кинематографистерінің туындылары үздіксіз көрсетіліп келеді. 

Киноэкспансия көлеңкесіндегі «экспорт»

Өмірі энциклопедияның бір бетін ашып көрмеген қара­пайым көрермендерге сол елдердің мәде­ниеті, тұрмыс дәстүрі, жалпы өмір сүру салты туралы дерек пен мағлұматты көгілдір экранда үстемдік құрған киноэкспансия көп күш жұмсамай-ақ сіңіріп жатыр.

Ресей мен Украина режиссер­лерінің жем­қорлыққа белшесінен батқан билік, бизнес, қылмыс әлемі жайлы, экшн-­фильмдері, махаббат пен ке­шірімге құрыл­ған мелодрама­лары әлі күнге сұранысқа ие. Сырт қарағанда, жан дүниені арбап алатын ізгі өнердің синонимі секілді көрін­генімен, таптаурын тақырыптар­дан ұзай алмай, идея, сюжет, ком­позициясы ұқсас бол­ған соң бұлар да аудиторияның белгі­лі бір бөлігінің талғамын қа­нағаттандырудан аса алмай отыр. Біз үшін түрік халқы деген «Сү­леймен сұлтан» болғанымен, зығырданды қайнататын «Зех­ра­лар» бұл мәселеде аралық тү­сінікті сақтау керегін ескер­те­ді. Бірақ қалай болғанда да, тү­рік режиссерлерінің ең әде­­мі сарайларды, ең сұлу бикеш­тер­ді, ең тамаша табиғат көрі­ністерін көрсету арқылы өзге жұрт­қа Түркияның оң имид­жін қалыптастыруға күш салып, жұмыс істейтіндері жақсы бай­қалады. Үнді сериалдары да солай. Жарқ-жұрқ жасанған әлемнің ішінен үндінің қалыңдап кет­кен әлеуметтік қиындығын дүр­бі салып қарасаң да көре алмас едің.

Осы мақаланы жазу үшін жылға жуық уақыт әр сенбі сайын өзбек фильмдерін үзбей көруді әдетке айналдырып, біраз бақылап жүрдік. «Түпсіз терең құдық емес шығарсың, бір күні таусыларсың» деген едік, қателескен екенбіз, екі ғашықтың, өгей шешенің, қатал әкенің, бай мен кедейдің, өтірік пен шындықтың арпалысына құрылған сюжеттер тізбегі бұл жалғанда таусылып, түгесілер түрі көрінбеді. Есепсіз өзбек киностудияларынан өрген сансыз фильмдерді көрген соң жасаған түйініміз мынау болды: «е-е-е-е, кешегі кеңестік кезде елді табындырған үнді киносының ендігі жердегі заңды мұрагері сен екенсің ғой, өзбек бауыр». Айырмашылығы, үндінің шалмасы мен сариін өзбектің ала шапаны ғана алмастырған. «Бү­гінгі өзбек киносы қандай?» десе, ойланбас­тан «ол кешегі сен­ти­ментальды үнді киносының бүгінгі күнге өлмей жеткен жаны сірі жалғасы» деп жауап беруге болады. Бұл өзбек киносын мысқылдау емес, керісінше, бұрын да Одақтағы алдыңғы бес­тіктің ішіне кірген кәсіби өзбек киноөндірісін қайта дамыт­қалы бері ізгілік пен даналықты ірі планға шығарып, аз уақытта өзіндік бет-әлпетін қалыптастыра алған ұлттық біре­гейлігін мойын­дау.

Мейлі, жалаң болсын, қара­дүр­сін болсын, арзан-алдамшы болсын, мәңгі өлмейтін асыл құн­­дылықтарды дәріптеу арқылы қа­лай болғанда да тұтас киноболмыс жасай алған. Ал алпыс екі тамырдағы қан басқа аттандай шауып, өзіміздің Адамбаев пен Қоянбаевпен жылап көрісетіндей жағдайға жетіп, әрең шыдап, амалсыз көрсеңіз, кешіріңіз, оған бүкіл өзбек киносы жауапты емес, ол жеке талғам мәселесінен туын­даған эмоция ғана. Әңгіме үлкен шығармашылық ізденістен туатын авторлық, арт-хаус фильм туралы емес, жеке киностудия­лардан өрбіп жатқан өнімдер туралы болып отырғандықтан, бүкіл Орта Азияның Голливуды да, Болливуды да бір өзі болып, «бренд болмыс» қалыптастыра алғаны үшін бұл ұлтқа тек қана алғыс айта отырып, «өзіңнен басқа жұрт сені түстеп тани ма осы, қазақ киносы?» деп сұрақты көлденең тартсақ, қандай жауап­қа қаныққан болар едік?

Шетелдік арзан фильмдер мен телехикаяларды алмастыра алатын қауқары барын көрсетіп, қазақ киноөндірісі де қарап отырмай, жеке режиссерлер сту­дия­ларын ашып, көркем туын­дылар, сериал түсірумен айналысып, бос кеңістікті бағын­дыруға көшкеніне бірталай уақыт болды. Отандық сериал­дар ішінен «Қара шаңырақ», «Қазақ хандығы», «Шырғалаң», «Сыр­ғалым», «Ағайын­дылар», «Іңкәр жүрек», «Сұңқар» секілді телетуындылар жаппай болмаса да, жекелеген көрермендердің қызығушылығын тудырып, өз аудиториясын тапты. Осыған орай сұрақ туындайды: қазақ киносына шетел тарапынан сұраныс бар ма? Мемлекеттер арасындағы кинематография саласында ке­рі байланыс орнаған ба? Осы­ уақытқа дейін шетел біздің қан­ша фильмімізді сатып алды? Біздің фильмдерімізді кімдер көреді? Сырт елдер үшін қазақ ки­носы деген не? «Қазақ киносы» деген ұғымды қандай канондар құрайды? Өзіміз мақтанып айта беретін Аймановсыз, Қар­­сақ­паевсыз, Қожықовсыз түсі­ріліп, жаңа көкжиектерді бағын­­дыруға көшкен заманауи фильмдерді басқа жақтағы жұрт қалай баға­лап, қабылдап жатыр?

Қазір кинокартиналар үсті-үстіне шығып жатқан соң жай ғана өнім болып қалды. Бұрын таным еді. Әр фильмнің шетел экранынан көрсетілуі рухани, мәдени оқиға болатын. Кино әрқашан идеологиялық құрал болғандықтан, жеке режиссердің көзқарасы тұтас елдің ұстанымы рөлін де атқаратын. Жаңа өмірге ашылған терезе, шытынай сын­ған, күл-паршасы шыққан шын­дық, соқтасы шығып, сыздаған жараның жарылуы еді. Ал қазір өнім ғана. Тұтынасың. Аз уа­қыт­т­ан соң ол сәннен қалады. Сән­нен қалмайтыны классика ғана, бірақ жүз киноның тоқсан тоғызына ол бақыт бұйырмаған. Киносы әбден дамыған, бәйгенің алдын бермейтін, түрлі-түрлі тақы­рыптарды түсіре-түсіре түгесіп тауысқан елдерге отандық өнім «экспортқа» шыққанда, шынымен оларды қызықтырып, та­ңырқата ала ма?

Қызықтырған, толғандырған сауалымызды кімге қоямыз? Әрине министрлікке. Мәдениет және спорт министрлігіне жол­­да­ған үшбу хатымызға, министр­лік­тің жауапты хатшысы Қ.Уәлиев сал­мақты жауап қайырыпты. Жауап­ты хатшының сөзіне қа­ра­ғанда, қазақ киносын сатып алу үрдісі шетелдік sale-ком­пания­лар фильмді өндірген ки­но­студиямен келісімшарт жа­­са­су арқылы жүзеге асады. Қазақ киносын шетелдік агенттер тек халықаралық кинофес­­ти­­вальдердегі көрмелер­ден,­­ шетелдегі қазақ киносы күн­де­рінен, кинонарыққа қо­йыл­ған жерінен ғана көре алады. Бүгінгі таңда Ш.Айманов атындағы «Қа­­зақфильм» АҚ түсірген көр­кем фильмдер көп­теген ше­тел­­дік телеарналарда көр­се­ті­ліп жүр.

Жалпы, қазақ кино­туын­дыларын Ресей, Түркия, Жапония, Тайланд, Франция, Қытай, Қырғыз Республикасы сатып алады. Қ.Уәлиевтің айтуынша, олар Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер», «Студент», Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер», Талғат Теменов пен Иван Пас­сердің «Көшпенділер», Ақан Сатаевтың «Ликвидатор», «Жау­жүрек мың бала», Сәбит Құр­манбековтің «Оралман», Сәбит Құрманбеков пен Сергей Әзі­мовтің «Кешіккен махаббат», Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары», Сатыбалды Нарым­бетовтің «Аманат», «Кө­зімнің қарасы», Сұлтан Қо­жы­қовтың «Қыз Жібек», Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар то­ғысқанда» фильмі мен басқа да қа­зақстандық режис­серлердің жұ­мысын ше­телд­ік кинокомпаниялар сатып алған.

Қазақ кинематографистерін, негі­зінен, көршілес елдер таниды. Мысалы, Қырғыз елін­де қазақстандық сериалдар мен ко­медиялық фильмдер көрсе­тілсе, Ресей, Түркия, Фран­ция елдерінде авторлық фильм­дерімізге сұраныс бар. Бірақ өткен 2017 жылы қазақстандық көрерменге ұсынылған 263 шетелдік фильмнің жанында бұл «экспорт» көлеңкеге де жарамайтынын ішіміз сезеді.

«Қазақ киноөнімінің шетел­дегі өміріне» мүдделілік танытқан жауапты тұлғалар осы күнге дейін жоқтың қасы болып келді. Шетелге шашырап шығатын фильм­­дердің ол жақтағы тағды­рына қызығушылық танытып, қадағалау, бақылау, есебін жүр­гізу мәселесі көп ешкімді тол­ғандырмай келгені рас. Ен­дігі жерде Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Үкі­метінің заң жобалау жұ­мыс­тарының 2017 жылға ар­налған жоспарына сәйкес «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеп, қазіргі таңда аталған заң жобалары Парламент қарауына жіберілген. Заң жобаларының маңызды нормаларының бірі, Қазақстан Республикасы аума­ғындағы фильмдер мони­торин­гісінің ақпараттық жүйесін енгізу болып табылады. Бұл ақпараттық жүйеге сәйкес, елімізде прокатталатын және өндірілетін фильм­­­­дер бойынша ақпараттар жинақ­талып, талдау жүргізілмек.

Бүгінгі күннің талабына сай ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, киноөндірістің ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығы, сондай-ақ шетелдерде қазақ­стандық кинолардың мәртебесін көтеру, оны мойындауы үшін ки­нематография саласында қоғамдық дербес салалық заң қа­былданса, ұлттық киноның адымы ұзаратын күн де алыс емес секілді. Бәрі де кешеуілдеп жатқан заңға келіп тіреліп тұр.     

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ